Қарағандыда деректер аналитикасы курсы басталады - үздік студенттер жұмысқа орналасады
2025-06-09 12:05
12 маусым күні Қарағандыдағы “Терриконовая долина” IT-хабы базасында деректер аналитикасы бойынша тәжірибеге бағытталған курс басталады. Курсты Yessen & Company консалтинг компаниясының негізін қалаушы және директоры Азат Есенов жүргізеді. Ол Upwork платформасында екі түрлі командасымен Top Rated мәртебесіне ие, 8 жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер және әлемнің 35+ елінде жүзеге асырылған 200-ден астам жобаның қатысушысы.
Интенсив 12–28 маусым аралығында жұмыс күндері өтеді. Сабақтар кешкі уақытта, сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін жүргізіледі. Курс аралас форматта өтеді: 12 маусымдағы ашылу және 28 маусымдағы қорытынды сабағы офлайн форматта, ал қалған кездесулер онлайн режимде ұйымдастырылады.
Курс бағдарламасы қатысушыларды үш апта ішінде IT саласындағы ең сұранысқа ие мамандықтардың бірі - деректер аналитигі мамандығының негіздеріне үйретуді көздейді. Бағдарлама Excel, Power BI, Google Looker Studio, Yandex DataLens және Apache Superset секілді негізгі құралдар мен платформаларды қамтиды. Қатысушылар ABC/XYZ талдауы, когорттық талдау, есептер мен дашбордтар құру, DAX, Power Query және деректер визуализациясы бойынша білім мен дағдыларды меңгереді. Сабақтар аясында ритейл мен телеком салаларынан алынған нақты кейстер және жеке аналитикалық жобаны жасау мүмкіндігі ұсынылады.
Ұйымдастырушылар теорияны тәжірибеде қолдануға және түлектердің мансаптық өсуіне ерекше көңіл бөлуде. Бұл курс Қарағандыда жаңа BPO орталығының ашылуына орай өткізіліп отыр. Соның аясында курс нәтижесі бойынша үздік деп танылған 10 студент жаңа аналитикалық команда құрамында жұмысқа қабылданатын болады. Бұл техникалық және IT бағытындағы студенттер мен тұрақты жұмыс іздеген фрилансерлер үшін бірегей мүмкіндік.