Баспасөз-релиздері

Қарағандыда деректер аналитикасы бойынша тегін курс өткізілді

28 маусым күні IT-хаб “Терриконовая долина” мен Yessen & Company компаниясының бірлесуімен ұйымдастырылған деректер аналитикасы бойынша интенсивті курс сәтті аяқталды. Бұл курс “Терриконовая долина” білім беру бағдарламалары аясында жүзеге асырылған және жаңадан бастаған аналитиктерге арналған кәсіби бағыттың бір бөлігі болды. Оқыту тегін жүргізілді.

Курстың спикері әрі кураторы – Yessen & Company компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Азат Есенов болды. Бірнеше апта бойы қатысушылар аналитиктің негізгі жұмыс бағыттары бойынша білім алды: деректерді өңдеу мен визуализация негіздерінен бастап, SQL мен Python тілдерін бизнес-мәселелерді шешуде қолдануға дейін. Бағдарлама тек теориямен шектелмей, нақты жобалық жұмыстарды да қамтыды. Бұл жобаларға Yessen & Company мамандары жетекшілік етті.

Курстың басты ерекшелігі – оның тәжірибелік бағыты мен нақты жұмысқа орналасуға бағдарланғандығында. Бастапқы кезеңде-ақ 15 үздік түлекке Yessen & Company компаниясынан жұмыс ұсынылатындығы жарияланды. Финалдық іріктеу нәтижелері бойынша – тест, кейс тапсырмаларын орындау және жобалық сессияға қатысу қорытындысында – компания шынымен де ең мықты қатысушыларды жұмысқа қабылдады.

Осылайша, бұл курс жай ғана білім беру бастамасы емес, кәсіби жолды жаңадан бастаған және аймақтан шықпай-ақ халықаралық компанияда жұмыс істеуді қалайтын жастар үшін нақты мансаптық баспалдаққа айналды. Бағдарламаның сәттілігі мұндай форматтардың өзектілігін және деректер аналитикасына деген жастар мен жаңа салаға ауысқан мамандардың қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.

Қашан: 12-28 маусым

Өткізілетін орны: “Терриконовая долина” IT-hub-ы, Алалыкин көшесі, 12

Форматы: онлайн/офлайн

Ұйымдастырушы: Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы.

Оператор: "Терриконовая Долина" ІТ-hub-ы; "Терриконовая долина" ЖШС