Қарағанды қаласында “Транстелекоммен” Неконференция өтеді
2025-09-16 10:20
19 қыркүйекте Қарағандыда IT және digital қауымдастығы үшін күздің ең күтулі оқиғаларының бірі - АҚ “Транстелеком” қатысуымен өтетін Неконференция ұйымдастырылады. Бұл формат дәстүрлі конференциялардан өзгеше: бұл жерде ұзақ ресми баяндамалар жоқ, оның орнына ашық пікірталастар, шынайы тәжірибелер мен еркін диалогтар бар.
Сол күні “Терриконовая долина” IT-хабында “Транстелеком” компаниясының сарапшылары өз тәжірибелерімен және индустриядағы басты үрдістерге қатысты көзқарастарымен бөліседі. Дата Аналитика бөлімінің шешімдер архитекторы Айнур Рахымжанова деректерден бастап шешімге дейін: аналитика бизнестің болашағын қалай қалыптастыратынын түсіндіреді. IT қызметінің басшысы Абылай Кикбаев пайдаланушыларға колл-орталыққа қоңырау шалмай тұрып техникалық мәселелерді шешуге көмектесетін лайфхактармен бөліседі. Бұлтты сервистер жөніндегі атқарушы директор Бауржан Муканов IT саласындағы жас мамандардың мансаптық дамуы туралы айтады.
Жаһандық мәселелер де назардан тыс қалмайды: өзгерістер мен PR басқармасының басшысы Жанар Сабазова жасанды интеллекттің әсері мен оның жергілікті және әлемдік деңгейдегі сын-тегеуріндері туралы айтады. T және желілерді дамыту бөлімінің шешімдердің архитекторы Зауреш Тен байланыстың ар жағында не жатыр: операторлар бір-бірімен қалай келісетіні жайлы сыр шертеді. Ал бөлшек бизнесін дамыту директоры Юрий Тен компаниялар үшін өзекті сұрақты қозғайды: қайсысы маңыздырақ - сатылым ба, әлде сервис пе, және бұл тепе-теңдікте корпоративтік мәдениеттің рөлі қандай екені туралы бөліседі.
Бұдан бөлек, Неконференция қатысушыларына аймақтың IT және digital компанияларының бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұсынылады. Бұл студенттер, жас мамандар және жаңа мүмкіндіктер іздеп жүргендер үшін жұмыс берушімен тікелей танысып, өз кәсібіне жол табуға тамаша мүмкіндік.
Форматтың тағы бір артықшылығы - нетворкинг: қатысушылар жаңа таныстықтар орнатып, тәжірибе және идеялармен алмаса алады, сондай-ақ Қарағандының белсенді IT-комьюнитиінің бір бөлігіне айналады.